Нархоз университетінде «Бизнес және басқару» бағыты бойынша Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің бірлескен отырысы өтті
2025 жылдың 26 ақпанында Нархоз университетінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің (РОӘК) оқу-әдістемелік бірлестігінің жыл сайынғы отырысы өтті. Бұл шара білім беру бағдарламаларын интернационалдандыруға және оқыту сапасын қамтамасыз ету механизмдеріне арналды.
Республикалық оқу-әдістемелік кеңес – Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі консультативтік-кеңесші орган. «Нархоз университеті» КЕАҚ базасында «Бизнес және басқару» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестік жұмыс істейді. Бұл бағыт қаржы, банк және сақтандыру ісі, экономика, маркетинг және жарнама, бағалау және еңбек дағдыларын қамтиды.
Кеңесте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, осы бағыт бойынша мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының өкілдері, жұмыс берушілер мен қауымдастықтар, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ және басқа да мүдделі тараптар қатысты.
Пленарлық отырыста оқу-әдістемелік бірлестіктің төрағасы, Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет бұл тақырыптың жоғары оқу орындарының дамуы және Қазақстанның ғылым мен жоғары білім секторын дамыту стратегиясы аясында маңыздылығын атап өтті.
Нархоз университетінің даму және халықаралық қызмет жөніндегі вице-президенті Айгерім Раимжанова білім беру бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы интернационалдандыру рөлі туралы баяндама жасады.
Нархоз университетінің провосты Ерлан Шуланов шетелдік университеттермен әріптестік тәжірибесімен бөлісіп, мұндай ынтымақтастықтың артықшылықтары мен жоғары оқу орындары кездесуі мүмкін қиындықтар туралы айтты.
Экономика және менеджмент мектебінің директоры Дильбар Гимранова қос дипломдық бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру үдерісі туралы баяндады.
Айта кетейік, Нархоз университетінде Еуропа мен АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен қос дипломдық бағдарламалары жұмыс істейді: Russell Group құрамындағы Queen’s University Belfast, Penn State University, Mykolas Romeris University, Hof University of Applied Science, La Rochelle, Technical University of Ostrava. Қазіргі уақытта Illinois Institute of Technology университетімен бағдарламаның егжей-тегжейлері келісіліп жатыр.
Пленарлық сессиядан кейін қатысушылар «Бизнес және басқару» бағыты бойынша секциялық отырыстарға көшті. Жиында интернационалдандыру аясында оқыту сапасын қамтамасыз ету, Coursera платформасымен ынтымақтастық, шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру тәжірибесі, халықаралық академиялық ұтқырлықтың рөлі және басқа да маңызды мәселелер талқыланды.