Жаңалықтар

Нархоз университетінде Қазақстан Ұлттық Банкінің сараптамалық-аналитикалық клубының отырысы өтті

21 қаңтар күні Нархоз университетінде Қазақстан Ұлттық Банкінің сараптамалық-аналитикалық клубының отырысы өтті. Жиынның басты тақырыбы – «Ұлттық Банктің макропруденциялық саясатының тұсаукесері және Қазақстанның сыртқы секторының тұрақтылығы бойынша зерттеу нәтижелері» болды.
Іс-шараға сарапшылар мен академиялық қауымдастық өкілдері, екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мүшелері, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің өкілдері қатысты.
Биыл осындай форматтағы кездесу екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл шара сарапшылар мен академиялық орта арасындағы пікір алмасудың тиімділігін және қызу пікірталастың маңыздылығын дәлелдейді.
«Академиялық қауымдастықтың қатысуы өте маңызды екенін атап өткім келеді. Мұндай ынтымақтастық тәжірибелік әзірлемелермен бөлісуге, сондай-ақ құнды аналитикалық және зерттеу материалдарын алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.
Отырыста Қазақстан Ұлттық Банкінің макропруденциялық саясатты қалыптастыру, іске асыру және коммуникациялау бойынша көзқарасы мен тәсілдері, сондай-ақ елдің сыртқы секторының тұрақтылығына қатысты зерттеу нәтижелері ұсынылды.
«Осы шараны өткізуге алаң ұсынғаны үшін Нархоз университетіне алғысымды білдіремін. Біз қаржы секторы үшін маман даярлайтын Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікті жоғары бағалаймыз, оның ішінде Ұлттық банкке де», – деп атап өтті Ақылжан Баймағамбетов.
Нархоз университеті мен Ұлттық банктің ынтымақтастығы ұзақ жылдарға созылған. ҚР Ұлттық банкінің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен Narxoz Business School негізінде «Қолданбалы қаржы» бірлескен магистратура бағдарламасы жүзеге асырылуда. 20 жыл ішінде бұл бағдарлама қаржы талдаушылары, қаржылық тәуекелдерді басқарушылар, макроаналитиктер және актуарийлер қатарынан 750-ден астам маман дайындады. Осы бағдарламаның түлектерінің 100%-ы оқуын аяқтаған алғашқы үш ай ішінде жұмысқа орналасады.
Айта кетейік, 2024 жылы Нархоз университетінің MBA бағдарламасы QS Global MBA рейтингі бойынша Орталық Азиядағы №1 бағдарлама болып танылды. Бағдарлама алғаш рет Азияның үздік 50 бағдарламасының қатарына кіріп (QS Global MBA 2025 Asia: №42), Орталық Азия аймағында көшбасшы атанды. QS агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, MBA бағдарламасы түлектердің кәсіпкерлік қабілеттері мен еңбек нарығында сұранысқа ие болу критерийлері бойынша әлемдегі үздік 50 бағдарламаның қатарына енген. 16 жыл ішінде Narxoz Business School 2,5 мыңнан астам жетекші ұйымдарға білім беріп, 2,3 мыңнан астам MBA, EMBA және DBA түлектерін шығарды. Бүгінде бизнес-мектеп портфеліне қаржы институттарына, үкіметтік емес секторға, корпоративтік ұйымдарға арналған бағдарламалар, сондай-ақ біліктілікті арттыру және онлайн курстар сияқты ашық бағдарламалар кіреді.
Сіз де табысты түлектер қатарына қосылыңыз! Narxoz Business School бағдарламалары туралы толығырақ білу үшін бізге gsb@narxoz.kz электронды поштасы арқылы хабарласыңыз.
2025-01-29 13:57