Нархоз университетінің студенті LD Debate форматында өткен республикалық пікірталас турнирінде І орын алды
Қазақстанда еліміздегі 40 жоғары оқу орнының студенттері қатысқан пікірталас жарысы болып өтті. Барлығы 130 адам қатысып, олардың ішінен 16-сы ғана плей-оффқа жолдама алды.
Республикалық жарыс Түркістанда, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырып өткізілді.
Бірінші орынды Нархоз университетінің 3-курс студенті Арайлым Абдукаримова жеңіп алды, осылайша ол Линкольн-Дуглас (LD Debate) форматында өткен пікірталас жарысының ең үздік спикері атанды. Арайлым "Қаржы" бағытында білім алып жатыр және "Таңдаулы экономистер одағы" студенттік ұйымының мүшесі болып табылады.
Пікірталас екі форматта - LD Debate және Американдық парламент форматында (АПФ) өтті. Алғашқы формат тек екі қарсыластың жарысуын көздесе, АПФ – командалық ойын, онда қатысушылар Парламент іспетті алаңда өз көзқарастарын қорғайды.
«Пікірталас қатысушыларының дайындығы жоғары, ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. АПФ және LD Debate форматының екеуіне де қатыстым. АПФ-те серіктесім Әлішбай Мұхаммедәлі екеуіміз төртінші орын алдық. LD Debate форматы бойынша үздік спикер атанып, І орын алдым. Пікірталасқа қатысқан студенттердің барлығын шын жүректен құттықтаймын, студенттік ұйымдарға қолдау көрсетіліп жатқаны қуантады» - деді Арайлым Абдукаримова.
Жалпы алғанда Нархоз университетінен республикалық жарысқа 6 адам қатысты. Олардың барлығы оқу орнының "Таңдаулы экономистер одағы" Жоғары дебат мектебінің мүшелері. Есімдерін атап өтер болсақ: Әлішбай Мухаммедәлі (4-курс, маркетинг), Арайлым Абдукаримова (3-курс, қаржы), Арман Инирбаев (3-курс, мемлекеттік және жергілікті басқару), Темірлан Есенов (3-курс, маркетинг), Аблайхан Айдос (4-курс, қаржы) және Арайлым Жолшы (2-курс, статистика).
Атап өтейік, 2020-2021 академиялық оқу жылында Нархоз командасы АПФ форматындағы пікірталас турнирінде І орын алған болатын.