Жаңалықтар

Құқық және Мемлекеттік басқару мектебінің профессоры Гүлмира Сұлтанбаева ғылымды насихаттауға қосқан үлесі үшін медальмен марапатталды

2024 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы жаңадан сайланған академиктерді ғылыми қауымдастыққа таныстыру бойынша салтанатты іс-шара өткізді. Салтанатты шараға құрметті қонақтар ретінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Дархан Ахмед-Заки, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Калдыбеков, ҚР ҰҒА академиктері, жоғары оқу орындарының және ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жас ғалымдар кеңестерінің мүшелері, бизнес және индустрия өкілдері, жетекші отандық ғалымдар қатысты.
Іс-шара барысында отандық ғылым тарихында алғаш рет ғылымды насихаттауға белсенді үлес қосқан БАҚ өкілдерін Қ. Сәтбаев атындағы мерейтойлық медальдармен марапаттау рәсімі өтті. Марапаттарды ҚР ҰҒА президенті Ахылбек Құрішбаев табыс етті.
Марапатталғандардың қатарында – саяси ғылымдар докторы, Құқық және Мемлекеттік басқару мектебінің «Саяси бұқаралық коммуникациялар» білім беру бағдарламасының профессоры Гүлмира Сұлтанбаева бар.
Бұл оқиға Қазақстанның ғылыми қауымдастығы үшін үлкен маңызға ие, өйткені ол көрнекті ғалымдардың жетістіктерін атап өтіп, ғылымның елдің дамуына қосқан маңызды рөлін көрсетеді.