Жаңалықтар

Нархоз Университетінің Директорлар кеңесінде өзгерістер орын алды

Нархоз Университеті Максим Киселевтің Директорлар кеңесіне тағайындалғанын хабарлайды. Ол бұл қызметте 2022-2024 жылдары Директорлар кеңесінің төрағасы болған, кейін оның мүшесі əрі тəуелсіз директоры ретінде қызмет еткен Марат Атнашевтің орнын басады.
Максим Киселев – Йель университетінің əлеуметтік психология саласындағы PhD дəрежесінің иегері. Ол бизнес пен корпоративтік білім беру, бизнес дамуы, корпоративтік қарым-қатынасты басқару, беделді басқару, сыртқы жəне ішкі коммуникациялар, ұйымдық мінез-құлық, көшбасшылық пен басқару психологиясы салаларында сарапшы əрі жоғары білікті менеджер.
2024 жылдың қаңтарынан бастап Максим Киселев «СберУниверситет, Сбер» Бизнес мектебінің директоры қызметін атқарады. Ол сыртқы клиенттерге (B2B, B2C, D2G) арналған барлық бағдарламаларды əзірлеу мен жүзеге асыруды қадағалайды, сондай-ақ жоғарғы менеджмент пен бизнес иелеріне арналған курстар мен бағдарламаларды əзірлеп, оқытады.
2009 жылдан бастап ол MK ACT консалтингтік компаниясын басқарады. Оның корпоративтік клиенттері қатарында «Газпром нефть», «Росводоканал» тобы, «Газпромбанк», «Сбербанк РФ», «Новонордиск», «Атлас Корпорэйт Сервисиз», «Медиа-Маркт-Сатурн», Bayer, «Росатом», МТС жəне басқа да компаниялар бар.
Ол əр жылдары АҚШ, Швейцария, Литва жəне Ресейдегі жетекші компанияларда басшылық қызметтер атқарды, сараптамалық кеңестер мен кəсіби қауымдастықтарға мүше болды, Йель университетінде, Провиденс колледжінде, Жоғары экономика мектебінде (ВШЭ), РУДН мен МГУ-де дəріс оқыды. 2017 жылдан бері ол Сколково ғылым жəне технология институтының (Сколтех) Кəсіпкерлік жəне инновациялар орталығында профессор қызметін атқарады, сондай-ақ «Сколково» қорының менторы мен сарапшысы болып табылады. Сонымен қатар, ол Йель клубының тең құрылтайшысы жəне президенті.
Нархоз Университетінде Максим Киселев стратегиялық даму мəселелерін іске асыруға белсенді түрде қатысады.
«Максим Киселевтің кəсіби құзыреттілігі мен саладағы терең білімі Нархоз университетінің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуіне жəне оның халықаралық аренадағы позициясын нығайтуына септігін тигізеді деп сенемін, – деп атап өтті Нархоз университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Булат Мукушев. – Марат Атнашевке университеттің дамуына қосқан зор үлесі үшін алғысымды білдіремін жəне оған алдағы қызметінде табыс тілеймін».
Марат Атнашев Narxoz Business School оқытушысы ретінде университетпен ынтымақтастықты жалғастырады.
2025-03-04 09:45