Жаңалықтар

Нархоз студенттері Russell Group-тан британдық жоғары оқу орнының дипломын ала алады

Нархоз Университеті Queen's University Belfast-пен қос диплом туралы келісімге отырған Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы университет болды
Нархоз Университеті мен Ұлыбританиядағы ең көне университеттердің бірі, Белфасттағы Queen's Университеті (Queen's University Belfast) Лондондағы Bett 2024 халықаралық білім беру көрмесінің алаңында институционалдық серіктестік және қос диплом туралы тарихи Келісімге отырды. Келісім Нархоз Университетінің Экономика және менеджмент мектебі мен Queen's Университетінің Бизнес мектебі арасында жасалған келісімдерге негізделген.

1845 жылы Белфастта негізі қаланған Queen's Университеті Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландиядағы әйгілі университеттердің бірі болып табылады, QS World University Rankings 2024 нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік университеттер рейтингінде 202-орынға ие. Университет өзінің атақты түлектерімен танымал, оның ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары, көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткерлері бар.

Келісімге Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлыбритания Мемлекеттік хатшысының парламенттік орынбасары және экспорт істері министрі Лорд Малкольм Оффорд, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мағжан Ілиясовтың қатысуымен қол қойылды
Қазақстан мен Ұлыбритания өкілдері келісімге қол қою рәсімінен кейін
«Қазақстан екі елдің университеттері арасындағы білім және ғылым байланыстарын нығайту арқылы Ұлыбританиямен стратегиялық серіктестікті дамытуды мақсат етіп отыр. Бүгінгі күні Нархоз Университетінде 70-тен астам халықаралық серіктестер бар және біз Белфаст Queen's Университеті және Нархоз арасындағы ынтымақтастықты қолдаймыз. Қол қойылған келісім көп жағынан маңызды: ол біз үшін ынтымақтастықтың басым бағыттарын қамтиды және терең синергияға бағытталған. Жетекші қазақстандық университет әрқашан ең алдымен еліміздің қаржы жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды дайындап келеді, енді Нархоз студенттерінің Ұлыбританияның беделді университетінде оқып, диплом алуына бірегей мүмкіндіктері бар», - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Нархоз университетімен келісімге қол қоюға қатысқан британдық тарап Қазақстанмен білім беру және ғылыми саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі.
Қос диплом туралы келісімге қол қою рәсімі
«Жоба іске қосылғаннан кейін ол үш жылдан аз уақыт ішінде Қазақстанда өз өкілдігін ашқан үшінші Ұлыбритания университеті болмақ. Бұл Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім беру саласындағы екіжақты қарым – қатынастардың берік ұстанымы мен орнықтылығын айғақтайды», – деп атап өтті Ұлыбритания Мемлекеттік хатшысының парламенттік орынбасары және экспорт істері министрі, Лорд Малкольм Оффорд.
Нархоз Университеті Ұлыбританияның Жоғары оқу орындарымен қос диплом бағдарламалары, Жазғы мектептер және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша айтарлықтай тәжірибеге ие. Оксфорд Университеті Түркі философы Ахмад Таразидің «Фунун әл-балаға» («Кемелдік ғылымы») қолжазбасының жалғыз ресми көшірмесін Нархозға тапсырды, оның түпнұсқасы Бодлиан кітапханасында сақталған.
Нархоз Университетінің студенттері
Жаңа келісім Нархоз Университетінің студенттеріне Queen's Университетінің, Белфасттың және Нархоз Экономика және менеджмент мектебінің бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша ағылшын тілінде білім алуға мүмкіндік береді
«Келісімге қол қоюмен Нархоз Университетінің өмірінде және жалпы Қазақстанның жоғары білім беру саласында жаңа тарау ашылды. Нархоз Қазақстан мен Орталық Азиядағы Queen's University Belfast-пен институционалдық серіктестік қарым-қатынасты қалыптастырған алғашқы университет болды. Бұл элиталық университет Ұлыбританияның 24 жетекші университетінен тұратын Russell тобының құрамына кіреді. Американдық «Айви Лигасына» ұқсас Рассел университеттері студенттерге ең жақсы білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулердің ең жоғары мүмкіндіктерін ұсынады, ал олардың түлектері халықаралық компанияларда, мемлекеттік және қоғамдық секторда жоғары лауазымдарды иеленеді», – деп атап өтті Нархоз Университетінің президенті Мирас Дәуленов.
Нархоз Университетінің жаңа кампусы
Британдық жоғары лига университетінде Жоғары білім алу Нархоз студенттері үшін жеңілдікті төлем арқасында қол жетімді болады. «2+2» форматындағы қос диплом бағдарламасы аясында Нархоз студенттері Британдық жоғары оқу орнынан BSc Business Management, BSc Business Economics және BSc Finance дәрежесі бар диплом, Нархоз Университетінен Bachelor of Business Administration дәрежесі бар диплом, сондай-ақ Британдық компанияларда тағылымдамадан өту және жұмысқа орналасу мүмкіндігін алады.
«Queen's University Belfast Бизнес мектебі Нархоз Университетімен серіктестікте құнды қарым-қатынас орнатуға үміттенеді. Queen's қонақжай қауымдастығында Нархоз студенттері Солтүстік Ирландияның бай білім беру және мәдени тәжірибесіне ие болады. Нархоз бен Белфасттағы Queen's Университетінің серіктестігі екі оқу орнына да біздің заманымыздың маңызды жаһандық сын-қатерлерін қабылдауға дайын тиімді көшбасшыларды шығаруға көмектеседі.», - деді Queen’s University Belfast, Бизнес мектебінің деканы, профессор М.Н. Равишанкар. Профессор сонымен қатар Нархоздың EQUIS халықаралық аккредиттеуден өту жолындағы күш-жігерін оң атап өтті.
Бағдарлама және қабылдау шарттары туралы толық ақпаратпен Нархоз Университетінің сайтында танысуға болады: https://kk.narxoz.kz/sem/queens-university-belfast

2007 жылдан бастап Нархоз Университетін жүйелі трансформациялаумен «Верный Капитал» компаниялар тобы айналысады, академиялық сапаны жақсартуға және инфрақұрылымды жаңартуға да ерекше көңіл бөледі. Бұл топтың әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына кіреді. Университет коммерциялық емес ұйым болып табылады, оның қызметінен түскен барлық пайда университеттің одан әрі дамуына жұмсалады.