2025 жылдың 13 қаңтарында Чикаго қаласында Нархоз университеті мен Illinois Institute of Technology арасында институционалдық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Екі жоғары оқу орнының ынтымақтастығы IT-мамандарын халықаралық стандарттарға сай даярлауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған Narxoz Global-2030 стратегиялық бастамасының бір бөлігі болып табылады. Бұл стратегия әлемдік жетекші университеттермен тұрақты байланыстар орнатуды көздейді. Бұған Нархоздың Queen's University Belfast, Penn State University және басқа да университеттермен серіктестігі мысал бола алады.

Нархоз және Illinois Tech өкілдері. Университеттің баспасөз қызметі мұрағатынан алынған фото
«Illinois Institute of Technology-пен қос диплом бағдарлама қазақстандық студенттерге халықаралық стандарттарға сай білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік беретін маңызды қадам болып табылады. Нархоз университеті IT-tech индустриясында жаһандық мансапқа және елдегі осы саланың дамуына жол ашатын бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Бұл серіктестік университеттің халықаралық білім беру алаңындағы жоғары беделін көрсетеді. Нархоздың халықаралық дәрежеде мойындалуы жаһандық рейтингтер мен аккредитациялар нәтижелерімен де расталады», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Ынтымақтастық аясында қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады, ол қазақстандық және америкалық жоғары оқу орындарының IT мамандықтары бойынша бакалавр дәрежесіндегі екі диплом алуын көздейді. Бағдарлама 4+0 форматында болады, яғни студенттер толық оқу циклін (төрт жыл) Қазақстанда Нархоз университетінде өтіп, оқу аяқталған соң екі диплом алады. Сонымен қатар, студенттер қалаған жағдайда Illinois Institute of Technology-де бір айдан бір жылға дейін білім ала алады. Бұл жағдайда оқыту 3+1 форматында өтеді.

«Қазақстан мен АҚШ университеттерінің, соның ішінде Penn State, University of Arizona, University of Minnesota секілді алдыңғы қатарлы оқу орындарының серіктестігі қос диплом бағдарламалары арқылы қазақстандық мамандарды халықаралық стандарттар бойынша даярлауды күшейтеді. Бүгін Нархоз университеті IT-кадрларды даярлау бойынша Illinois Institute of Technology-мен институционалдық келісім жасады. Бұл қазақстандықтарға әлемдік деңгейдегі білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашады. АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі осындай бағдарламаларды жүзеге асыруда тұрақты түрде қолдау көрсетіп отырады», – деді АҚШ-тағы Қазақстан елшісі Ержан Ашықбаев.
Бағдарлама Computer Engineering және Digital Technologies саласындағы мамандарды ағылшын тілінде даярлауға бағытталған. Сондай-ақ, Optional Practical Training арқылы студенттерге АҚШ-та қосымша үш жылдық тәжірибе алу мүмкіндігі қарастырылған.

«Нархоз университеті IT-мамандарын даярлауда жаһандық деңгейге шығып жатыр. Біз цифрлық технологиялар мектебі үшін серіктестікті мұқият таңдадық, және Illinois Institute of Technology белгіленген жоспарларды жүзеге асыру үшін тамаша таңдау. Ортақ бағдарлама студенттерге жаһандық дағдылар беріп, халықаралық аренада жаңа мансаптық мүмкіндіктер ашады», – деді Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет.

Illinois Tech (Чикаго, АҚШ) – STEM саласында жоғары сапалы білім берумен және түлектердің мансаптық мүмкіндіктерін қолдаумен танымал беделді университет. U.S. News рейтингіне сәйкес, Illinois Tech түлектерінің бастапқы жалақысы бойынша Иллинойс штатында 1-орын, елде 12-орын алады. Wall Street Journal (2025) рейтингіне сәйкес, Illinois Tech Иллинойс штатында түлектердің мансабын жаңа бастаған кездегі жалақы деңгейі бойынша көш бастап тұр. New York Times (2023) рейтингі бойынша университет түлектердің табыс деңгейі жөнінен Иллинойс штатында бірінші, ал АҚШ көлемінде 20-орынға ие. Сонымен қатар, U.S. News & World Report (2025) нұсқасына сай, оқу құны мен мансаптық мүмкіндіктердің теңгерімін ескеретін АҚШ-тың үздік жоғары оқу орындары арасындағы Best Value School санатында университет 29-орынды иеленеді. Illinois Tech түлектері халықаралық IT-гиганттарда жұмыс істейді.
«Бұл келісім біздің жаһандық білім берудегі миссиямызды кеңейтеді және Illinois Tech университетінің жаңа мүмкіндіктер үшін катализатор болып табылатын мансапқа бағытталған, озық білім берудегі жаһандық көшбасшы ретіндегі беделін одан әрі нығайтады», – деп Illinois Tech университетінің халықаралық байланыстар және қабылдау процестерін басқару бойынша вице-президенті Маллик Сундхарам атап өтті. – Нархоз университетімен серіктестік бізге халықаралық дәрежеде ықпал етуге мүмкіндік береді, тұрақты инновациялық білім беру моделімізді Қазақстандағы болашақ көшбасшыларға жеткізе отырып, бірге біз IT мамандарының жаңа ұрпағына білім беріп, оларға әлемдік аренада табысты мансап үшін қажетті дағдылар мен кәсіби біліктілігін арттырамыз».
Нархоз университетінің Цифрлық технологиялар мектебі тәжірибеге негізделген білім беруді, сондай-ақ заманауи технологиялар мен дағдыларды зерттеуге басымдық береді. Оқу жоспарлары жұмыс берушілермен келісіліп, сабақтарды IT-индустрия өкілдері мен практик-сарапшылар өткізеді. Цифрлық технологиялар мектебінің білім беру бағдарламалары «Атамекен» ҰКП рейтингінде түлектердің сұранысқа ие болуы бойынша ТОП-10 қатарына енген және FIBAA мен НАОКО халықаралық агенттіктерінің аккредитациясынан өткен. Бағдарламалар IT саласындағы еңбек нарығының өзекті талаптарына сәйкес келеді.