Келудегі басты мақсат - университеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту және тәжірибе алмасу. Бірнеше сағат ішінде екі университеттің өкілдері оқу орындары арасындағы жұмыстардың басты бағыттары - пандемия жағдайында білім беру бағдарламаларын дамытудың жолдары, ғылыми әлеуетті дамыту, мемлекеттік органдармен және жеке сектормен өзара қатынас, сондай-ақ студенттермен жұмыс мәселелері бойынша кездесулер өткізді.
Ректор м.а. Станислав Буянский: «Бәсекелестіктен қорықпаңыз, ол бізді дамуға жетелейді. Оның үстіне, білім беру саласындағы бәріміздің мүддеміз бір, ол - Қазақстанның білімі мен ғылымының сапасын арттыру. Сол себепті де Сүлеймен Демирель Университетінен келген әріптестерімізбен білім, тәжірибелерімізбен қуана бөлістік және пандемия жағдайындағы еңбектегі жетістіктерімен танысқанымызға қуаныштымыз» деп атап өтті.
Сулеймен Демирель Университеті Қазақстанның алдыңғы қатарлы, кең бейінді жеке меншік оқу орындарының бірі. Оның негізі 1996 жылы қаланып, еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде ашып берді. Бұл әлеуметтік ғылымдардан бастап, жаратылыстану ғылымдарға дейінгі салалардың бәрін қамтитын кең бейінді мамандықтар бойынша оқытатын университет болып табылады.