Нархоз Университетінде Жоғарғы оқу орындарының дамуын қолдау орталығы таныстырылды
2025 жылғы 27 ақпанда Нархоз университетінде Құқық және мемлекеттік басқару мектебі жанынан құрылған халықаралық ғылыми-білім беру және консалтингтік орталық – Global Research Center – SDDS таныстырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жоғары білім беру саласын үздік халықаралық стандарттарға сай дамыту жөніндегі бастамасы, сондай-ақ осыған байланысты әзірленген Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім беруді дамыту тұжырымдамасы еліміздегі барлық жоғары оқу орындары үшін даму күн тәртібін айқындайды.
Осы бағытта жұмыс істей отырып, Құқық және мемлекеттік басқару мектебі Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахметтің қолдауымен Германиялық серіктестермен бірлесіп құрылған Global Research Center – SDDS (Sustainable Development & Data Driven Solutions) халықаралық орталығын таныстырды.
Орталықтың қызметі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына, ғылыми мекемелерге, сондай-ақ Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі ғылыми-білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталады.
Үлкен деректерді талдау (big data) мен модельдеу технологияларын қолдана отырып, орталық университеттерге халықаралық рейтингтерде алға жылжуға, корпоративтік басқаруды халықаралық стандарттарға сай дамытуға, халықаралық аккредитациядан өтуге, бағалау және тәуекелдерді басқару жүйелерін әзірлеуге жәрдемдесетін болады.
Орталықтың бірегейлігі – оның талдау, тренинг және консалтингтік қызметіне ғылыми метрология, жоғары білім менеджменті және модельдеу саласындағы жетекші отандық және шетелдік сарапшылардың тартылуында. Осылайша, үздік халықаралық тәжірибені пайдалану нәтижесінде жеке жоғары оқу орындары да, жалпы ұлттық ғылым және жоғары білім беру жүйесі де нақты нәтижелерге қол жеткізе алады.
Орталық жұмысына шетелдік сарапшылар қатысады, олардың ішінде: Майкл Каруана – институционалдық стратегиялар жөніндегі сарапшы, Барбель Экелманн – рейтингтер жөніндегі сарапшы, Ники Хорсмен – стратегиялық басқару жөніндегі сарапшы, Мария Юдкевич – ғылыми зерттеулер жөніндегі сарапшы, Ольгун Чичек – сапаны қамтамасыз ету және аккредитация жөніндегі сарапшы және тағы басқалар.