Кітап постструктурализм ағымын жан-жақты саралауға арналған философиялық толғамдарға және оның әдебиетпен, тіл білімімен, психологиямен арақатынасына арналады. Францияда пайда болып, АҚШ және неміс ғалымдарының зерттеулерінде көбірек көрініс тапқан постструктурализмнің қайнар көздері, оның жеке ағым ретінде өрістеуі әдебиеттегі трансгрессиялық, яғни бұзып-жару идеяларымен астарласа зерделенген. Жазу мен сөйлеудің байланысы, таңбаның классикалық теориясын жаңаша пайымдау, бейсаналық пен тіл, автор мен шығарма сияқты күрделі мәселелер кеңінен қозғалады.
Әр бөлім жеке бір әдеби шығарманы талдауға арналған қос тараумен тиянақталады. Жан-Жак Руссодан бастап Нобель сыйлығының лауреаты Элис Манроға дейінгі бірсыпыра жазушылардың шығармашылығына қатысты сан алуан қызғылықты пікірлер айтылған. Жекелеген зерттеушілердің эсселері, ғылыми мақалалары өзгеше тың ой-тұжырымдарымен кітаптың құндылығын арттыра түседі.
Оқулық әдебиеттану мен лингвистика, сондай-ақ оларға іргелес гуманитарлық мамандықтардың студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына, философтар мен мәдениеттанушыларға, жалпы оқырман қауымға арналған.