Жаңалықтар (Новая страница)

Жоғары оқу орындары өз түлектерінің білімін жаңартып отыруы керек

Жас мамандар оқуын тәмамдаған жоғары оқу орындарында білімін жаңартып отыруға мүмкіндік алуы қажет. Ол үшін университеттер өз түлектеріне Upgrade бағдарламаларын әзірлеп, ұсынуы тиіс. Ол туралы Нархоз Университетінің Президенті, Білім және ғылым Министрінің штаттан тыс кеңесшісі Мирас Дәуленов мәлімдеді.

Осылайша, жоғары оқу орындары өздері берген білімнің сапа деңгейіне қанша уақыт өтсе де толық кепіл бере алады.

«Білімнің де ескіретінін ұмытпау қажет. Бүгін өзекті болған дүние 3-5 жылдан кейін маңызын жоғалтуы мүмкін. Мәселен, технологиялардың тез дамуы, науқастарды емдеудегі сан түрлі әдістердің пайда болуы - мұның бәрі білімді толықтырып отыруды талап етеді. Сондықтан диплом табыстау рәсімінде мен Нархоз Университеті өз түлектері үшін Upgrade бағдарламасын ашатынын айттым. Біз енді жыл сайын өз түлектерімізді тегін интенсивті оқыту бағдарламаларынан өтуге шақыратын боламыз. Осылайша, біз, Нархоз Университеті, өзіміз ұсынатын білімнің өмір бойы сапалы болуына кепілдік береміз. Басқа оқу орындары да біз сияқты өз түлектеріне жағдай жасаса жақсы болатын еді", - деді Мирас Дәуленов. 

Енді Қазақстандағы жоғары оқу орындарының барлығы түлектерге өзіндік үлгідегі диплом табыстап жатыр. Демек, енді әр университет білім сапасына тікелей өзі жауапты. Осыдан үш жыл бұрын еліміздегі ЖОО-лар академиялық дербестік алды. Бұл оқу орындары үшін жұмыс берушілердің сұраныстарына қарай жаңа білім беру бағдарламаларын өзбетінше әзірлеуіне жақсы мүмкіндік болды.

«Студенттерді білім алуға үйрету өте маңызды. Егер оқу орны өз алдына осындай міндетті қоятын болса, студент те әрдайым оқып, жаңа білімге талпынатын болады. ЖОО міндеті - түлектерге ең қажет деген білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік жасау», деп атап өтті Нархоз Университетінің Президенті Мирас Дәуленов.