Коммуникация саласының белгілі мамандары ұсынған қолыңыздағы кітапта бизнес-коммуникацияға қатысты маңызды мәселелер, практикалар мен ұсыныстар кең ауқымда талқыланған. Бұл кітаптың 14-басылымы болғандықтан, қалыптасқан дәстүр жалғасып, оқытуды жеңілдетуге, белсенді білім алуға мүмкіндік беретін, сыни тұрғыда ойлануды жетілдіруге қажет теңдессіз механизмдер жиынтығы енгізілген. Әр тараудағы оқыту мақсатының нақтылығы студенттерді материалды қабылдауға дайындап, тараудың мазмұнын қалыптастыруға негіз болады. Әр тараудың басы мен аяғында жетекші компаниялардағы даму сатылары түрлі мысалдармен беріліп, карьера жасағысы келген және оны әрі қарай дамытуды көздеген бизнес иелері үшін таптырмас бизнес-тәжірибе үлгілері, толымды зерттеулерге бай материалдар ұсынылған. Сонымен қатар, медиа, хат, ұсыныс, аудиторияға бейімделу, клиент тарту, оларға көңіл бөлу, жарнама, презентация, резюме, сұхбат туралы тарқатылып, бизнес әлемінде коммуникацияның алар орны ерекше екені кеңінен баяндалған. Сондай-ақ, онлайн режимдегі қызметтер де назардан тыс қалмаған. Көпшілік алдында сөйлеу дағдысын жетілдіріп, әсер қалдыруды, өз ойын жеткізуді, қобалжу сезімін жеңуді үйренгісі келетіндер үшін авторлардың берер кеңесі мол. Кітап менеджмент, PR, коммуникация мамандығында оқитын студенттерге, кеңседе жұмыс істеуге қажет маңызды іскерлік дағдыларды қалыптастырғысы келген оқырмандарға, бизнес-карьераға қызығушылығы бар көпшілікке арналған.